Аймақ басшысы бұған дейін Ақсу қаласына жетекшілік еткен Жанат Шұғаевтың денсаулық жағдайы бойынша қызметтен кету туралы өтініш жазғанын атап өтіп, атқарған қызметі үшін алғыс білдірді.
Айта кетейік, Жанат Шұғаев Ақсу қаласының әкімі лауазымында бір жылға жетер-жетпес уақыт жұмыс істеді. Ол өткен жылдың мамыр айында облыс әкімінің "былықтарын" ашық айтып, тіпті оның үстінен сотқа арыз түсірген қала әкімі Нұржан Әшімбетовтің орнына тағайындалған еді.
Жанат Рашитұлы әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы аз уақыт аралығында сүйеу болып, қолдау білдірген Ақсу қаласының жұртына ризашылығын айтты. Бұрынғы әкім өз жазбасында басқа қызметке ауысатынын да хабарлады.
Ал Ақсу қаласының су жаңа әкімі Нұрлан Дүйсенбиновке бірқатар міндет жүктеліп отыр. Облыстың басшысы Әбілқайыр Сқақов жаңа әкімге бірінші кезекте Ақсу қаласындағы қазандықты пайдалануға беру мәселесін тездетуді тапсырды. Сонымен қатар өңірдің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасында белгіленген әлеуметтік бастамаларды бақылауға алуды, білім беру саласы, жастар мәселесі, шағын және орта бизнеске баса назар аударуды жүктеді.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі Жолдауында жергілікті өзін-өзі басқаруды тікелей қаржыландыру тетігін енгізуді жариялады. Әкімдерге әлеуметтік-экономикалық шараларды жедел шешу, халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша кешенді шаралар қабылдау қажет. Сондай-ақ, жұмыссыздықты азайту, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру жөнінде жедел шаралар әзірлеу керек", – деді Әбілқайыр Сқақов.
Атап өтер жайт, мемлекеттік қызмет саласында мол тәжірибесі бар Нұрлан Шайхислямұлы бұған дейін де Ақсу қаласын басқарған еді. 2016-2017 жылдар аралығында металлургтер шаһарына жетекшілік етті. Кейін Павлодар облысының қаржы басқармасын басқарды. Ал 2020 жылғы наурыздан жаңа тағайындауға дейін Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы лауазымын атқарды.
Ажар Дәулетова