ҚР дн істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев нашид (діни әуендер) тыңдаған Алматы қаласының тұрғынына қатысты қойылған сұраққа жауап берді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
"Бұқаралық ақпарат құралдарында бір азаматты діни әуендер естігені үшін жауапкершілікке тартып жатыр деген жарияланымдар пайда болды. Бірақ бұл журналистер мен адвокаттар тарапынан жасалып отырған айла-тәсіл. Қазіргі уақытта осы мәселе бойынша процесс жүріп жатыр. Шынымен де, бір азамат тұтқындалды. Оған әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектiк-топтық және рулық алауыздықты қоздыруға бағытталған әрекеті үшін арнайы бап негізінде айып тағылып, және терроризмді насихаттайтын материалдарды таратқаны үшін қылмыстық іс қолғалды", - деп түсіндірді ҚР үкіметінің баспасөз-орталығында өткен брифингте Нұрлан Ермекбаев.
Сонымен бірге, министр болып жатқан сот талқылауының жай-жапсарын білмейтінін мәлімдеп, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін мұндай ақпараттарға сыни тұрғыдан қарауға шақырды.
"Мен сот үрдісі жүріп жатқандықтан, аталған оқиқаға байланысты әзірге басқа да түсініктемелер бере алмаймын. Бірақ, жалпы айтарым, әр түрлі ақпарат құралдарында шығып жатқан жарияналымдарға барынша сыни тұрғыда қарау керек. Көбінесе ақпаратта шын мәнінде не болғаны баяндалмай, бұрмаланып беріледі. Сондықтан, уәкілетті органдардың ресми хабарламаларына жүгінген жөн", - деп өз ойын білдірді министр Нұрлан Ермекбаев.
Естеріңізге сала кетейік, бұрындары бұқаралық ақпарат құралдарында "Вконтакте" әлеуметтік желісінде араб тілінде "нашид" (діни әуендер) тыңдаған Алматы қаласының тұрғынына қатысы сот отырысы басталғаны туралы хабар тараған еді.