Нұрлан Ермекбаев мәжіліс депутаттарына дін саласындағы заң жобасын таныстырды

1001

Нұрлан Ермекбаев мәжіліс депутаттарына дін саласындағы заң жобасын таныстырды

29 қаңтар күні ҚР парламенті мәжілісінде "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының таныстырылымы өтті.  Таныстырылым барысында ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев заң жобасының негізгі ережелерін түсіндірді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Заң жобасын әзірлеудің мақсаты мемлекеттік-діни қатынастарды жетілдіру, діни қызмет субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін айқындау, сондай-ақ дін саласын реттеу болып табылады. Заң жобасы аясында 12 нормативтік заңнамалық актіге 53 өзгерту мен толықтыру енгізу көзделген.

"Заң жобасының ең маңызды нормалары дінді деструктивті мақсаттарда пайдаланудың кез-келген мүмкіндігін болдырмауға және мемлекеттік органдардың құзыреттілігін кеңейтуге және діни бірлестіктердің қызметін жеңілдетуге бағытталған", - деді Нұрлан Ермекбаев.

Заң жобасында қоғамдық орындарда адамның бет-бейнесін тұмшалайтын киім түрлерін киюге, деструктивті діни ағымдарға жататын киім түрлерін және сыртқы атрибуттарды қоғамдық орындарында қолдануға тыйым салуды көздейтін бірқатар нормалар бар.

Заңнамаға "деструктивті діни ағым" және "діни радикализм" ұғымдарының анықтамасы енгізіледі.

Қазақстан азаматтарының шетелде діни білім алуын құқықтық реттеу туралы түзетулер енгізілуде.

Мемлекеттік қызметшілердің және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің дінге қатысты іс-әрекетін реттеуге бағытталған түзетулер де ұсынылған.

Діни бірлестіктердің қаржылық қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған арнайы нормалар енгізіледі.

Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы діни ілімді таратуды заңнамалық негізде реттеу ұсынылады.

Заң жобасы аясында дінге сенушілердің де және дінге сенбеушілердің де құқықтары тең тұрғыда қамтамасыз етіледі; кәмелетке толмағандарды діни жиналыстар және (немесе) рәсімдер, құлшылық етуге қатыстыру шарттары анықталады.

Сондай-ақ, некеге отыру немесе некені тоқтату (ерлі-зайыптылықты) бойынша діни рәсімдер мен жоралғыларды өткізу тек қана діни ғимараттарда өткізу талабы енгізіледі.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу