Өңір басшысы Маңғыстау облысының атынан шығып жүрген 17 жасар Бибісараны айтулы жеңісімен құттықтап, сәттілік тіледі.
- Бибісара Асаубаеваны ересектер арасында блиц бойынша өткен әлем чемпионатындағы жарқын жеңісімен құттықтаймын! Сіз халықаралық бәсекеде жоғарғы спорттық шеберлік танытып, еліміздің және Маңғыстау өңірінің мерейін үстем еттіңіз. Сіздің шахмат бойынша ең жас чемпион атануыңыз отандық спорт үшін тарихи оқиға деп есептеймін. Әлі де алар асуларыңыз көп болып, табыстан табысқа жете беруіңізге тілектестік білдіремін, – деді Нұрлан Ноғаев.
Бибісара Асаубаева Варшавада өткен әлем чемпионатында ересектер арасындағы шахматтан Қазақстан тарихындағы алғашқы алтын жүлдені иеленді. Осылайша, Бибісара шахмат тарихындағы ең жас әлем чемпионы атанып отыр.
Айта кетсек, бұған дейін Бибісара балалар мен жасөспірімдер санаттарында 5 дүркін әлем чемпионы және екі дүркін әлем вице-чемпионы атанды.
Шахмат тарихындағы ең жас Fide Master атағының иегері. 2017 жылы "Әлем құрамасы" сапында "Ғасыр матчы" халықаралық турнирінің жеңімпазы болды. 2019 жылы Украинада "Алтын Монғоз" Халықаралық жыл сыйлығының номинанты және иегері атанды.
Бибісара Асаубаева тұрақты түрде маңғыстаулық спортшыларға шеберлік сағаттарын өткізіп, өңір шахматшыларының қатарын көбейтуге атсалысып келеді.