Жиында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин сөз сөйлеп, Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша ерекше көзге түскен батыс қазақстандықтарға мемлекеттік наградаларды табыс етті, деп хабарлайды ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі.
Облыс тұрғындарын мерейтойлық мерекемен құттықтаған Мәжіліс спикері, осы жылдар ішінде қол жеткізген жетістіктер – барлық қазақстандықтардың жасампаз еңбегінің және ел басшылығы бастамаларының жарқын үлгісі екенін атап өтті.
Сонымен қатар Палата төрағасы қазақстандықтар үшін Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елдің серпінді дамуының негізгі кепілі екенін және Елбасы идеялары Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстанның тұрақтылығын қамтамасыз еткенін айтты.
"Осы жолда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің даму стратегиясын одан әрі жалғастырып, саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыруда. Президентіміз, ең алдымен, әлеуметтік қолдаулар мен дағдарысқа қарсы шараларға баса назар аударды. Осы бағытта көп балалы аналарға, арнайы көмек қажет азаматтарға қатысты әлеуметтік қорғау шаралары қолға алынды. Басқа да еліміздегі барлық салалар бойынша нақты қадамдар жасалуда", – деді Нұрлан Нығматулин.
Мәжіліс төрағасы Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік, экономикалық мүмкіндігі жоғары, береке-бірлігі мықты, заманға сай өсіп-өркендеудің, дамудың үлгісін көрсетіп келе жатқан еліміздегі ірі өнеркәсіптік және аграрлық аймақтың бірі екенін айтты. Сондай-ақ аймақтың өнеркәсіптік, аграрлық және транзиттік әлеуетін және Қазақстанның жаңа өнеркәсіп саласы – әскери кеме жасау негіздері қаланғанын атап өтті.
Іс-шарада еліміздің және өңірдің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін батысқазақстандықтар Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, Президент Жарлығымен мемлекеттік наградалармен марапатталды.
"Парасат" орденімен құрылыс компаниясының басшысы Александр Потиченко марапатталса, "Құрмет" орденімен мектеп-лицей мұғалімі Ольга Столярова, дәрігерлер Светлана Есіркеп және Әліби Төлегенов, зоотехник Мақсұт Балқыбаев марапатталды. ІІІ дәрежелі "Еңбек Даңқы" ордені сырлаушы Жаңғақ Айболатовқа, бақташы Батырғали Оңаевқа табысталды. "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталғандардың ішінде еңбек ардагері Нариман Өтешев, инженер Флора Понамарева бар.
Нұрлан Нығматулин қазір еліміз өз тәуелсіздігінің төртінші онжылдығына аяқ басқан кезеңде Қазақстанның алдында жаңа мақсаттар мен міндеттер тұрғанын айтып, оларға қол жеткізу үшін бізде ұзақ мерзімді стратегия, ел басшылығының жаңа бастамалары және барлық қазақстандықтардың жасампаз еңбегі екенін атап өтті.