Мәжілісте "Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы" парламенттік тыңдау өтті, деп хабарлайды мәжілістің баспасөз қызметі.
Мемлекеттік тілді жаңғырту қажеттілігін, оның ішінде латын графикасына өту туралы мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев "Қазақстан – 2050 стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Қазақстан халқына жолдауында атап өткен болатын.
Парламенттік тыңдауда мәжіліс төрағасы Н. Нығматулин: "Біздің ұлттық сана-сезім, рухани даму, өркендеу жолымыз, осының барлығы, қазақ тілінің жаңа әліпбиін жасаудан басталады. Себебі, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, қазақ тілі – ол біздің рухани негізіміз. Осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру, біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Сонымен бірге, жаңа әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор" - деді.
Осы ретте палата спикері тіл және жаңа әліпби мәселесінде қателікке жол беруге болмайтынына, қазақ тілін жаңғыртудың басты көрсеткіші латын жазуына көшу екендігіне және әлем қазақтарын біріктіретін маңызды фактор екеніне тоқталды.
Отырыс барысында халық қалаулылары мен белгілі саясаткерлер, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, сарапшылар мен тіл мамандары, қоғамдық ұйым мүшелері жаңа әліпбидің жобасын әзірлеген мамандардың еңбектерімен танысты.