Бүгін мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Жапонияның Қазақстандағы елшісі Итиро Кавабатаны қабылдады, деп хабарлайды мәжіліс аппаратының баспасөз қызметі.
Палата спикері елші мырзаның қазақстандық-жапондық қарым-қатынасты, соның ішінде, парламентаралық байланысты нығайтуға зор үлес қосқанын атап өтті.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияны маңызды стратегиялық әріптес ретінде бағалайтынын алға тартқан мәжіліс төрағасы Астана мен Токио арасындағы дәстүрлі достық қатынас бүгінде өзара тиімді әріптестік және ынтымақтастық негізінде жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өтті.
Осы ретте тараптар екі ел басшыларының тұрақты кездесулеріне назар аударып, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және Жапония премьер-министрі Синдзо Абэнің өзара іс-сапарлары екіжақты қатынасты дамытуға жаңа серпін бере отырып, оны кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткізгеніне тоқталды.
Өз кезегінде Итиро Кавабата елшілік қызметін Қазақстан үшін маңызды, тарихи кезеңдерде табысты атқарғанын айта келіп, Қазақстанның даму қарқынына жоғары баға беріп, бірлігі жарасқан халықтың ынтымағына ризашылық сезімін білдірді.