"Нұрлы жер" тұрғын үй құрылыс мемлекеттік бағдарламасы аясында құжат қабылдау басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жекешелендіру құқығынсыз "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылыс мемлекеттік бағдарламасы аясында Астана қаласының коммуналдық тұрғын үй қорында кезекте тұрған баспанаға мұқтаж жандар өтінім бере алады.
Атап айтқанда, бағдарлама шартына сәйкес, Астана қаласының коммуналдық тұрғын үй қорына мүгедектер мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілгендер, мүгедек бала тәрибелеп отырған отбасы, созылмалы аурудың кейбір түрлерімен ауыратын адамдар, зейнеткерлер мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, оралмандар, төтенше оқиға мен табиғи апат салдарынан баспанасыз қалғандар, көпбалалы отбасы, мемлекеттік немесе әскери қызметті атқаруда, отбасы мүшесі адам өмірін құтқаруда немесе қоғамдық тәртіпті сақтауда мерт болған отбасы баспанаға кезекке тұра алады.
Құжаттар Астана қаласы Достық көшесі, 13 мекенжайында орналасқан басқарманың 3 кабинетінде сағат 8.30 - 17.00 аралығында қабылданады.
Баспана алуға үміткерлер өтінім мен отбасы мүшелерін айғақтайтын құжаттар, өтінім беруші мен отбасының мекенжайы туралы анықтама, ерлі-зайыптылардың неке куәлігі немесе өлімі туралы, балалардың тууы мен некенің күшін жоюы туралы анықтамалар, өтінім беруші мен отбасының Қазақстан Республикасы аумағында тұрғылықты баспанасының жоқтығы туралы анықтама, өтінім берушінің "Тұрғын үй қатынастары туралы" ҚР Заңының 67-бабында көрсетілген санаттарға сай екенін айғақтайтын құжат, бірлескен табыстың ең төменгі өмір сүру деңгейінің 3,1 есе мөлшерін растайтын анықтама әкелуге тиіс.
Қажет болған жағдайда азаматтар қосымша құжаттар мен кейбір деректерді растау үшін Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына шақырылуы мүмкін.