Нұрлы жол" мен "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы ұзартылады

1254

Үкіметте ҚР президентінің Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы мақұлданды.

Нұрлы жол" мен "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы ұзартылады

ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, жалпыұлттық жоспарда еліміздің дамуы үшін қолға алынатын негізгі алты міндет бойынша 100 іс-шара  қамтылған, деп хабарлайды primeminister.kz.

 "Қазақстандықтар үшін аса маңызды шаралардың бірі – 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп 1,5 есе артыру шарасы. Халықтың кірісін қорғау үшін заңнамаға тариф белгілеу тетігінің, коммуналдық қызметтерді тұтынушылардың қаражатын пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін өзгерістер енгізілетін болады. Бизнесті тиімді қолдау мақсатында 2025 жылға дейінгі Бизнестің жол картасы бағдарламасы жалғастырылады", — деді Сүлейменов.

"Тұрмыс сапасын арттыру" екінші міндеттің аясында екі маңызды сала — білім беру және денсаулық сақтауды қамтитын 24 іс-шара көзделген. Ұлттық экономика министрінің мәлімдеуінше, оқушылар орнының тапшылығын жою және үш ауысымды мектептер проблемасын шешу мақсатында осы жылдың соңында өңірлерде мектептердің құрылысы басталатын болады.

Денсаулық сақтау саласында медицина қызметтерінің сапасын арттыру үшін 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттаманы қағазсыз, цифрлық түрде жүргізуге көшеді.

"Биыл Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысы басталады. Ол қазіргі заман талабына жауап беретін құрылғылармен жабдықталады. Халықты сапасыз және денсаулыққа қауіпті тауарлар мен қызметтерден қорғау мақсатында Тауарлар мен қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті құрылады", — деді ол.

Ұлттық экономика министрі Жалпыұлттық жоспардың барлық шаралары тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, еліміздің кез келген елдімекенінде жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруге жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.

Бұған қоса, елімізді тиімді аумақтық ұйымдастыру мақсатында Елімізді аумақтық-кеңістіктік дамытудың 2030 жылға дейінгі болжамды схемасы қабылданатын болады. Министрдің айтуынша, Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы нақты іс-шараларын, жобалары мен қаржыландыру көлемін көрсете отырып келесі жылы қабылданатын болады. Көлік инфрақұрылымын, коммуналдық және тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында  "Нұрлы жол", "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламалары ұзартылатын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу