"Нұрлы жолға" бөлінген қаржы игерілмей қалуы мүмкін

1074

Мемлекеттік бағдарламаға биыл 520 млрд теңге қарастырылып отыр.

"Нұрлы жолға" бөлінген қаржы игерілмей қалуы мүмкін

Премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайыловтың баяндауынша, биыл "Нұрлы жол" бағдарламасына бюджеттен 520 млрд теңге қарастырылды.

Оның 389 млрд теңгесін орталық мемлекеттік органдар игеруі керек, 131 млрд теңгеге өңірлер жауапты.

"Мемлекеттік органдардың қаржыландыру жоспарына талдау жүргіздік. Халықаралық қаржылық ұйымдармен бірлескен жобаларға төлемдерді жүргізу жыл соңына жоспарланған. Бұл қаржының игерілмеуіне алып келуі мүмкін. Мәселен, бірқатар министрліктің қаржыландыру жоспарында шығыстар негізінен екінші жартыжылдыққа жоспарланған", – деді Әлихан Смайылов үкіметтің бүгінгі отырысында.

Атап айтқанда, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шығыстарының 91,7 пайызы, білім және ғылым министрлігі шығыстарының 94,1 пайызы, ұлттық экономика министрлігі шығыстарының 89,1 пайызы екінші жартыжылдыққа жоспарланған.

1 наурызындағы жағдай бойынша орталық мемлекеттік органдардың алдын ала деректеріне сәйкес, 17,4 млрд теңгеге міндеттемелер қабылданған. Бұл жылдық жоспардың 3,4 пайызы ғана.

"Жергілікті деңгейдегі жағдай біршама жақсы. Міндеттемелердің қабылдануының 88,2 пайызы, яғни жартысынан көбі бірінші жылдыққа жоспарланған", – деді премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі.

Еске сала кетейік, былтыр "Нұрлы жол" бағларламасына бюджеттен 437,2 млрд теңге қарастырылған болатын. Оның 329,2 млрд теңгесі орталық мемлекеттік органдарға, ал 108 млрд теңгесі өңірлерге берілді.

"Жыл қорытындысы бойынша бөлінген қаржы 100 пайыз игерілді", – дейді Әлихан Смайылов.

Өткен жылы "Нұрлы жол" бағдарламасына қатысты 22 аудиторлық тексеру жүргізілген. Бұл ретте, 11,7 млрд теңге көлемінде заңбұзушылықтар анықталған. Оның 5,3 млрд теңгесі түрлі жолдармен қалпына келтірілген.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу