Президент Нұрсұлтан Назарбаев Әділет министрі Марат Бекетаевты қабылдады. Кездесу барысында мемлекет басшысы Әділет министрлігінің 2016 жылғы қызметі туралы есебін тыңдап, алдағы жұмыс жоспарымен танысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Министр президентке заң жобасын жасау жоспарының орындалуы жөнінде мәлімет берді. Бұл ретте парламенттің қарауына 18 заң жобасы енгізілген. Марат Бекетаевтың мәліметіне жүгінсек, биыл екінші тоқсаннан бастап 28 заң жобасын ұсыну жоспарланып отыр.
Елбасы мемлекеттік орган қызметінің нәтижесіне оң баға берді.
Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев Әділет министрлігі алдында тұрған, ұлттық заңнаманы қалыптастыруға белсене атсалысу, заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерге құқықтық сараптама мен талдау жүргізу, еліміздің халықаралық аренадағы қызметін құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету және зияткерлік меншік құқығын қорғау сияқты бірқатар маңызды міндетті айқындады.
Әділет министрі мемлекет басшысына заң шығару және үйлестіру жұмысы, ашық форматтағы заң шығару жұмысы жөніндегі ведомствоаралық комиссия қызметі туралы баяндады. Дәлірек айтқанда, бұл ведомствоаралық комиссия жұмысының үдерісін журналистерге онлайн режімде бақылауға, сондай-ақ отырыстардың қорытындысы жөнінде ақпарат құралдарына брифинг ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысында президент бірқатар нақты тапсырма берді.