Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Германия президентін қабылдады

917

Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Германия президентін қабылдады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен кездесті. Бұл Германия президентінің қазіргі қызметіне сайланғаннан кейін Қазақстанға алғаш рет ресми сапары болып отыр.

"Сіздің осы қызметке сайлануыңыздан кейін Қазақстанға алғашқы сапарды жасап, ЭКСПО-2017 көрмесін өз көзіңізбен көруге шешім қабылдағаныңыз үшін алғыс айтамыз. Біз Сізді бұрыннан бері жақсы білеміз. Сондықтан президент қызметіне сайланғаныңызға қуаныштымыз. Германия - ірі мемлекет әрі үлкен экономикалық күштің иесі. Дәл осы елмен тығыз байланыстарды жүргізіп жатқанымызға ризамыз. Біз ол қарым-қатынасты жан-жақты дамытуға мүдделіміз", - деді Нұрсұлтан Назарбаев кездесуде.

Президент Германияның үлкен мемлекет, әлемнің ірі экономикасы екенін атап өтті.
"Германиямен жақсы серіктес екенімізге қуаныштымыз. Қазір ынтымақтастығымыздың жаңа бағдарламалары бар. Біз қарым-қатынасымызды барлық бағыттар бойынша дамытуға мүдделіміз. Сіздің сапарыңыздың аясында Қазақстан-Германия іскерлік кеңесі өтті, бизнес-құрылымдар арасында жиырмаға жуық келісімге қол қойылады", - деді ҚР президенті. 
Айта кетейік, Франк-Вальтер Штайнмайер Германия президенті болып 2017 жылы 19 наурызда сайланды. Ол әр жылдары Германия вице-канцлері, Сыртқы істер министрі болып қызмет етті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу