Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында модульдік қойма пайдалануға берілді, деп хабарлайды 24.kz.
Модульдік қойма әуежайдың перронға тікелей шығатын бақылау аймағында орналасқан. Нысанның жалпы аумағы 1100 шаршы метрден асады, әрі онда ішкі әуе бағыттары мен кедендік одақ елдерінен почта мен жүктерді қабылдап және шығаратын, сондай-ақ трансферттік (транзиттік) жүктерді қабылдап және жөнелтетін аумақ қарастырылған. Жобамен жылына 12 мың тоннаға дейін пошта мен жүктер өткізіледі. Нысанға автоматтандырылған дабыл жүйесі орнатылып, бейнебақылау қойылған.
Биылғы жылдың шілде айында әуежай аумағында өздерінің сұрыптау орталықтарын ашу үшін отандық және шетелдік компанияларға қойманың қосымша аумағы жалға беріледі.
Болашақта алыс және жақын шет елдердің ұшу бағыттарын арттырып, Қазақстанның облыс орталықтары мен жақын қалаларға тиесілі жүк көлемін Астананың әуе қақпасы арқылы өткізу жоспарланып отыр.