2019 жылдың 4 ақпанында Астана қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында коммерциялық және өндірістік объектілерді, үлкен кеңістіктерді тазалауға арналған автономды тазалағыш роботтың "тұсауы кесіледі", деп хабарлайды ИИДМ баспасөз қызметі.
Жобаны Tech Garden дербес кластерлік қорының портфельдік стартапы – "Автономные технологии КЗ" ЖШС – Startup Kazakhstan акселерациясына қатысу барысында іске асырды.
Толықтай автономды құрылғы еденді жуу барысыныда адамдарды, қабырғаларды және басқа да кедергілерді айналып өтіп, кеңістікте адамның араласуынсыз қозғалады. Сонымен қатар, робот суды үнемдеп, оны қайта пайдалану мақсатымен ішкі қорабында тазалайды. Жасанды интеллект элементтері енгізілгендіктен бірнеше роботтар бір бөлмеде бір-біріне кедергі келтірмей тиімді түрде өзара әрекеттеседі. Қажет болған жағдайда, машиналар батарея мен суды ауыстыру мақсатымен өздігінен базаға аттанады.
"Tech Garden ұсынған үш айлық акселерацияға қатысу арқылы біз, біріншіден, қажетті білім алып, роботымызды өндірістік құрастыруға дайын деңгейге жеткіздік. Екіншіден, Қазақстанда бірінші ірі тапсырыс беруші компанияны таптық. Бірінші роботтар Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында іске қосылады", – дейді жоба авторы Николай Потапов.
Қазіргі таңда, аталмыш стартап қазақстандық компаниялармен 100 робот жеткізуге келісіп, Ресейлік компанияларға тағы да 500 роботтарды жеткізуге туралы келіссөздер жүргізуде. Бір роботтың құны – 2,5 млн теңге. Бұл роботтың технологиялық сипаттамалары қолданыстағы аналогтармен бірдей, тіпті жоғарырақ болғанымен қатар, бағасы бірнеше есе арзан. Қазіргі уақытта Қазақстанда осы роботтардың толыққанды өнеркәсіптік өндірісін құру мәселелері әзірленуде.