Нұрсұлтан Назарбаев Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековпен, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Никол Пашинян Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының президенті өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдауына орай қимастық ниетін білдірді. Ол Назарбаевтың екі ел арасындағы өзара табысты ықпалдастықты дамытуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.
Сондай-ақ, Сооронбай Жээнбеков пен Шавкат Мирзиеев те Нұрсұлтан Назарбаевтың екі ел халықтары арасындағы бауырластық қарым-қатынастарды нығайтуға зор үлес қосқанын айтты.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Нұрсұлтан Назарбаевты "осындай маңызды шешім қабылдай білетін ұлы саясаткер әрі Президент" деп атады.
Көшбасшылар алдағы уақытта тұрақты байланыстарын жалғастыра беруге уағдаласты.