Нұрсұлтан Назарбаев Эстония премьер-министрі Юри Ратаспен кездесті

850

Нұрсұлтан Назарбаев Эстония премьер-министрі Юри Ратаспен кездесті

Кездесу барысында тараптар екі мемлекеттің цифрландыру және инновациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастығын нығайту перспективаларын талқылады, сондай-ақ сауда-экономика қарым-қатынастарын дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы "Астана Хаб" ІТ-стартаптар халықаралық технологиялық паркінің ашылу рәсіміне қатысқаны үшін Эстония Республикасының премьер-министріне ризашылық білдірді.

Қазақстан президенті Эстонияның цифрлық технологиялар саласындағы тәжірибесі мол екенін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы сауда байланыстарын нығайту қажеттігін айтып, экономикалық ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттарына тоқталды. Мемлекет басшысы елімізде іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық бағдарламалар мен солардың аясында бой көтеріп келе жатқан нысандар және көлік-транзит әлеуетін арттыру жөніндегі жобалардың нәтижелері туралы айтты.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы қайта өңдеу және аграрлық өнеркәсіп, фармацевтика салаларында және экономиканың басқа да секторларында ынтымақтастықты бір жолға қоюдың маңызды екенін атап өтті.

Эстония Республикасының премьер-министрі қонақжайлық көрсеткені үшін Қазақстан президентіне алғыс айтып, өзінің Астанаға алғашқы сапарынан алған әсерін ортаға салды.

"Кеше премьер-министр Бақытжан Сағынтаевпен сындарлы келіссөз жүргіздік. Мен Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Астананың инфрақұрылымдық нысандарына қарап, елдеріңіздің қалай дамып келе жатқанын көруге болады", – деді Ю.Ратас.

Эстония Республикасының премьер-министрі цифрландыру және көлік-логистика салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға, сондай-ақ инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік танытты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу