Жоспарлы жөндеу жұмысының жүруіне байланысты 10 қыркүйек пен 21 қыркүйек аралығында Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағы жабық болады, деп хабарлайды әуежайдың баспасөз-қызметі.
"Жөндеу жұмыстары жергілікті уақыт бойынша сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін жүргізіледі. Осының нәтижесінде түске дейін әуежайдан ұшатын және әуежайға келетін барлық рейстер тоқтатылады. Осы уақыт ішінде тек ұшу-қону жолағы ғана жабық болады, әуежай терминалдары штаттық режимде жұмыс істейтін болады", - деп жазылған баспасөз-қызметінің жұма күні таратқан хабарламасында.
Авиарейстердің өзгерген уақыты жайлы ақпаратты авиакомпаниялардан немесе әуежайдың тәулік бойы жұмыс істейтін анықтама бюросынан білуге болады.