Нұрсұлтан Назарбаев Иран Президентінің жүргізіп отырған саясатына оң баға берді

899

Нұрсұлтан Назарбаев Иран Президентінің жүргізіп отырған саясатына оң баға берді

 

 

Иран Президенті жүргізіп отырған саясат бүкіл Каспий төңірегіндегі елдер үшін өте пайдалы. Бұл туралы бүгін Ақордада елімізге ресми сапармен келген  Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Руханимен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізіп жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

"Иран Қазақстан үшін мұсылман әлеміндегі ең маңызды әріптес және Каспий жағалауындағы тату көрші, дос деп санаймыз. Сіздің кейінгі кездегі ядролық мәселені шешуде жасаған зор еңбегіңізді біз, Қазақстан халқы өте жоғары бағалаймыз. Бұл мәселе жөнінде көп еңбек сіңірдіңіз. Дүниежүзінде сіздің бұл жұмысыңыз жоғары баға алды. Міне сізді осы жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын. Ядролық бағдарламаға қатысты санкциялар алынғалы бір жыл уақыт өтті. Осы аз ғана уақыттың ішінде Иран өз экономикасын жүйелі дамытып, көп табыстарға  жеткенін байқап отырмыз. Бұл Иран мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа өзінің ең үлкен ықпалын тигізді. Біз үшін Иранның, Сіздің жүргізіп отырған саясатыңыз бүкіл Каспий төңірегіндегі елдер үшін үлкен пайдасын тигізеді деп ойлаймыз", - деді Елбасы.

Сонымен қатар ҚР Президенті биылғы жылы сәуір айында Теһранға сапар жасағанын, енді міне Иран Президентінің біздің елімізге келуі мемлекеттер үшін пайдалы болғанын атап өтті.

"Мен жасаған сапардан кейінгі нәтиже  шеңберінде жалпы сомасы 1 млрд. доллардан асатын коммерциялық келісімге қол қойылған. Ол жұмыстың барлығы қазір жүріп жатыр. Кейбіреулері ойдағыдай іске асырылып жатыр. Қуантарлық жайт. Бірақ, әлі де күш салуымыз керек.  Алдымызда үлкен шаруалар бар. Сапарыңыз оң болсын деп тілеймін. Сіздің делегацияның, Сіздің Қазақстанға сапарыңызда алға қойған барлық мәселелені шешуге біз дайынбыз", - деді Назарбаев.    

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу