Мемлекет басшысы Испания королі VI Фелипені Қазақстанға бірінші рет ресми сапармен келуімен құттықтады, деп хабарлайды akorda.kz.
– Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап Испания біз үшін жақын ел болды. Ұлы тарихы мен мәдениеті қалыптасқан Испаниямен достық қарым-қатынаста болғанымызды мақтан тұтамыз. Осы ынтымақтастықтың негізі І Король Хуан Карлостың тұсында қаланды.
Нұрсұлтан Назарбаев Испания короліне Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы жан-жақты қолдауы, сондай-ақ халықаралық аренадағы ниеттестігі үшін алғыс айтты.
– Сіздер Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымында төраға болуымызға, сонымен қатар БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануымызға қолдау білдірдіңіздер. Біз ынтымақтастығымызды одан әрі жалғастыруға дайынбыз, – деді мемлекет басшысы.
Испания королі Қазақстан президентіне қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс айтып, елімізді халықаралық "ЭКСПО-2017" мамандандырылған көрмесінің ашылуымен құттықтады.
– Менің сапарымның Астанада "ЭКСПО-2017" көрмесінің таңғажайып ашылу рәсіміне тұспа-тұс келуі – зор мәртебе. Сізді осындай ұлы оқиғамен құттықтаймын, – деді VI Фелипе.