Нұрсұлтан Назарбаев: Мемлекет басшысы болып қала беруді ұсынғандар көп болды

1844

Бұл туралы Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы өзінің "Тәуелсіздік тағылымы" атты мақаласында жазды. 

Нұрсұлтан Назарбаев: Мемлекет басшысы болып қала беруді ұсынғандар көп болды

Елбасы мақалада екі жарым жыл бұрын президенттік билік ауысар тұста болған жағдайды баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Осыдан екі жарым жыл бұрын елімізде президенттік билік ауысты. Маған: "Ата заңымызда Сізге ешқандай шектеулілік жоқ. Соңғы сайлауда халықтың 98%-ына жуығының қолдауына ие болдыңыз. Қызметіңізді атқара беріңіз", – деушілер аз болған жоқ. Бірақ әр нәрсе өз ретімен болуы керек", – деді Елбасы. 

Бұл ретте ол тәуелсіздік жылдарында жанына қанша азаматты серік етіп, көптеген шәкірт тәрбиелегенін атап өтті. 

"Отыз жылға жуық ел басқарған кезімде мен жаныма қаншама азаматты серік етіп, көптеген шәкірт тәрбиеледім. Солардың ішінде Үкімет басқарған, Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының орынбасары ретінде жаһандық саясатқа жетіктігін танытқан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қасымнан табылған нағыз патриот, жоғары білікті кәсіпқой тұлға Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Президенттік қызметке ұсындым. Сайлауда халықтың басым көпшілігі оны қолдады. Осылайша, біз халқымыздың ауызбірлігін, саясаттағы сабақтастығымызды күллі әлем қоғамдастығына тағы бір қырынан таныта білдік", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Биыл 81 жасқа толған Нұрсұлтан Назарбаев елді 30 жылдай басқарды. 2019 жылдың наурыз айында Конституцияға сәйкес, "Қазақстанның Тұңғыш Президенті" – "Елбасы" (Ұлт көшбасшысы) мәртебесін алған Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшысы қызметінен кетті. Негізгі заңға сәйкес, Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті міндетін атқарды. Ал сол жылдың 9 маусымында кезектен тыс мемлекет басшысының сайлауы өтіп, оны Қазақстанның қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жеңді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің басшысы, биліктегі "Нұр Отан" партиясының жетекшісі қызметтерінде қалды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу