Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы Қазақ елі алаңында өтіп жатқан мерекелік жиынға келіп, жұртшылықты Бірлік мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Бүгін кең байтақ Отанымыздың барлық өңірлерінде көктемнің жарқыраған мерекесі – 1 мамыр – ел бірлігі мерекесін атап өтіп жатырмыз. Осы ел бірлігі деген қасиетті ұғым мен осы мереке баршамызға құтты болсын. Тек жақсылық, бақ-береке әкелсін деп тілеймін. Ата-бабамыздан қалған "бірлік болса, тірлік болады", "Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді" деген ақиқат бар. Осыны негізгі ала отырып, еліміз неше түрлі қиындықтардан өтіп, кең байтақ даламызды бізге аманат етті. Осы бірліктің арқасында біз Тәуелсіз Қазақстанды құрдық, ата-бабамыздың аңсаған арманын орындадық", – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы өз сөзінде ынтымақтың арқасында Мәңгілік ел деген ұғым қайта жаңғырғанын атап өтті.
"Тәуелсіздігіміз мәңгілік жасауы үшін қазақ ешқашан қасық қанын аямай, оны көздің қарашығындай сақтайды. Сол қағидаға адал болайық. Ата-бабамыздың арманын орындайтын болайық. Осы жылдар ішіндегі жетістіктеріміздің барлығы – елдің бірлігі, халықтың ішіндегі тыныштықтың арқасы. Біздің осындай көпэтносты болғанымызға ешкімнің жазығы жоқ. Біздің де жазығымыз жоқ. Тарих пен өмір солай болды. Сондықтан, біз басқа халықтарға қамқор болып, қазақ барлығының ұйытқысы ретінде жайбарақат жүріп жатырмыз", – деді Тұңғыш Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы өзін бақытты елміз деп санауы керектігін айтып өтті. "Осы бірлігімізді сақтап, тәуелсіздігімізді құрметтеуіміз керек. Бағдарламаларымызды ары қарай орындайтын болсақ, халқымыздың болашағы жарқын болады. Істің бәрі елдің әл-ауқатын көтеру мақсатында жүргізіліп жатыр. Кешегі өткен Ассамблея сессиясында бұл мәселелердің бәрі талқыланды", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетсек, Қазақ елі алаңында өтіп жатқан мерекелік шарада әр ұлттардың биі биленіп, әні шырқалуда. Жиналған жұршылықтың алдында Алашұлы тобы, Ағайынды Жүгінісовтер, опера жұлдыздары Зарина Алтынбаева, Сүндет Байғожин ән шырқады.