Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев металлургтерді кәсіби мерекесімен құттықтады. Құттықтау сөз Елбасының сайтында жарияланды.
"Құрметті металлургия саласының еңбеккерлері мен ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Металлург күнімен құттықтаймын! Бұл мейрам сіздерге деген құрметтің және ерен еңбектеріңізді мойындаудың символы саналады. Кезінде маған маңызды өмірлік тәжірибе берген, қайратымды шыңдаған және сенімді достар табуға септігін тигізген металлург кәсібін таңдағанымды мақтан етемін",– делінген құттықтау мәтінінде.
Нұрсұлтан Назарбаев металлургтердің еңбекқорлығы мен жауапкершілігінің, өз ісіне адалдығы мен шеберлігінің арқасында бүкіл елдің экономикалық өсімінің негізі қалыптасқанын атап өткен.
"Қазақстандағы металлургия саласы дамудың инновациялық жолына түсіп, өндірістік ұжымдарымызға болашаққа нық сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Сіздер алдағы уақытта да тәуелсіз Қазақстанның игілігі үшін жаңа кәсіби жетістіктерге ұмтылып, адал еңбек ететіндеріңізге сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, сарқылмас күш-қуат, туған-туысқандарыңызға бақ-береке тілеймін",– деп ізгі ниетін жеткізген.