Нұрсұлтан Назарбаев: Олардың не істеп жатқанын ешкім білмейді

1449

Нұрсұлтан Назарбаев биыл елімізде болған маңызды оқиғаларды қорытындылап, журналистердің сұрақтарына жауап берді. 

Нұрсұлтан Назарбаев: Олардың не істеп жатқанын ешкім білмейді

Мемлекет басшысы еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті. Онда Нұрсұлтан Назарбаев биыл елімізде болған маңызды оқиғаларды қорытындылап, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, Қазақстан президенті мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі нәтижелері туралы әңгімелеп, жаңғыру жөніндегі реформалар мен бағдарламаларды іске асыруды одан әрі жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.  Сондай-ақ, елбасы Қазақстанның сыртқы саясат саласындағы басты жетістіктері туралы айтып, сыртқы істер министрлігі алдында тұрған жаңа міндеттерге тоқталды.

"Мен бұл шаруаны баяғыда іске асыруды ойластырған едім. Себебі, сыртқы істер министрлігін таза саяси ұйым деп ойлайды. Бірақ, біз Ресей де, Қытай да, Америка да емеспіз. Бізде қайдағы жаһандық шаруалар болуы мүмкін. Алайда қазіргі таңда Американың елшілігі өз елінің компанияларының мүдделерін қалай алға жылжытып жатқанын көріп отырсыздар. Бір жағдай туындай қалса бірден бізге келеді. Ал бізде ондай жоқ. Керісінше, индустрия, ауыл шаруашылығы министрлігі болсын, біз әр министрліктен елшілікке кеңесші тағайындадық. Ақырында, олардың не істеп жатқанын ешкім білмейді. Әр министрлік өз өкілін жіберуде. Міне, сондықтан, сыртқы істер министрлігімен сыртқы экономикалық байланыстарды реттеу мәселесі алдымызда баяғыдан тұрған еді", – ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының айтуынша, инвестиция мен экспортқа қатысты мәселелерді сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері реттеуі керек. 

"Осы экономиканы білетін адам керек болғандықтан, мамандығы металлург, Малайзияда елші, Еуропада консул болған, жан-жақты тарапты, экономиканы жақсы білетін министр Атамқұловты тағайындадық. Яғни, бұрынғы министр басқа жұмысқа ауысып жатыр. Осыған байланысты Асқар Жұмағалиев Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болды. Ол бұрын ғарыш саласында істеген. Оның әскери білімі бар. Сәйкесінше, вице-пермьер ретінде қорғаныс өнеркәсібі мен ғарыш саласында еңбек ететін болады",  – деді елбасы.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа ресми емес сұрақтар да қойылды. Сұхбаттың телевизиялық нұсқасы 2018 жылғы 28 желтоқсанда республикалық телеарналардан көрсетіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу