Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мун Чже Инді кезектен тыс президент сайлауындағы жеңісімен құттықтап, оған зор денсаулық пен табыс, ал достас корей халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
"Сіздің кәсіби біліктілігіңіз бен өмірлік тәжірибеңіз Оңтүстік Кореяның одан әрі өркендеуі мен дамуына, сондай-ақ елдің әлемдік аренадағы рөлін арттыра түсуге мүмкіндік береді деп сенемін. Биыл Қазақстан мен Корея арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл толғанын атап өтеміз. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Астана мен Сеул ынтымақтастығының аясы жан-жақты кеңейіп келеді. Екіжақты қарым-қатынасымыз алдағы уақытта да стратегиялық серіктестік рухында дами беретініне сенімдімін", – делінген жеделхатта.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Мун Чже Инді Қазақстанға келіп, екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылауға шақырды.