Нұрсұлтан Назарбаев референдумға қатысатынын мәлімдеді

2603

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 5 маусымда өтетін референдумға қатысатынын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Нұрсұлтан Назарбаев референдумға қатысатынын мәлімдеді

"Иә, 5 маусымда мен Конституция берген құқығымды пайдаланып, референдумда дауыс беруге міндетті түрде қатысамын. Еліміздің негізгі заңы қатып қалған құқықтық жәдігер емес, Қазақстан қоғамының өмірі, болып жатқан өзгерістерді бейнелейтін тетік екенін үнемі баса айтып келемін. Бұған дейін де өзгерістер болды. Егер ол уақыттың талабы болса және қоғамның ілгерілеуіне, демократиялық дамуына үлес қосатын болса, негізгі заңға әрбір ұрпақ өзгертулер енгізуге құқылы", – деді Назарбаев қазақстандық саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың Telegram-арнасында жарияланған сұхбатында.

Сонымен қатар ол 2019 жылы саналы қадам жасап, көпшіліктің қарсылығына қарамастан, өзі мемлекет басшысы қызметінен кеткенін еске салды.

"Мен бағытымды халық қолдауының шарықтау шегіне жеткенде өзгерттім. Оған 2015 жылы өткен президенттік сайлауда 97,7% дауыс жинағаным дәлел", – деді Тұңғыш Президент.

Назарбаев билік транзитінен кейін белгілі бір өкілеттіктерді сақтап қалғанын қосты.

"Конституцияға сәйкес мен президенттік өкілеттіктерімді Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа бердім. Ол кейінгі жалпыхалықтық сайлауда жеңіске жетті. Осы жылдар бойы мен оның мемлекетімізді реформалау және одан әрі дамыту жөніндегі іс-әрекетін жан-жақты қолдадым. Осы уақытта мен оны қолдайтыныма сенімді болыңыз", – деп түйіндеді Назарбаев.

Еске сала кетсек, 5 маусымда Қазақстанда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық референдум өтеді. Жаңартылған Конституцияда президенттің барлық саяси партиялар мен қозғалыстардағы тең дәрежелі мәртебесін бекіту, мемлекет басшысының ең жақын туыстарының квазимемлекеттік секторда басшылық қызметтерді атқаруына тыйым салуды енгізу жоспарлануда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу