Қазақстан Президенті Ресей Федерациясына жұмыс сапары аясында Санкт-Петерборда "Диаконт" АҚ қызметімен танысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кәсіпорынның жұмысымен таныспас бұрын Қазақстан мен Ресей президенттері Ресейдің Қорғаныс министрлігіне қарасты ұшақтың құлауына байланысты мәлімдеме жасады. Нұрсұлтан Назарбаев ресей халқына тағы бір мәрте көңіл айтты.
"Диаконт" АҚ әлемдегі радиациялық-берік объектив-трансфокатор шығаратын екі кәсіпорынның бірі, әрі ол экономиканың ғылымды қажет ететін салаларында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құралдарды жасап шығаруда алдыңғы орында тұр.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Ресейдегі дәрі-дәрмек шығаратын толық циклды жетекші инновациялық компания – "Биокад" жабық акционерлік қоғамына барды.
Кәсіпорын клиникалық зерттеулер жүргізу кезінде математикалық модельдеу қағидаттарын пайдаланады, ол дәрі-дәрмекті қолданудың тиімді тәсілін таңдау ықтималдылығын арттыруға мүмкіндік береді.