Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы Корольдігінің Парсы-араб шығанағы істері жөніндегі мемлекеттік министрі Самер Әл-Сабханмен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында тараптар екі ел ынтымақтастығының қазіргі ахуалы мен болашағын талқылады.
Президент былтыр күзде Сауд Арабиясы Корольдігіне барған ресми сапарының қорытындысында қол жеткен маңызды нәтижеге назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев соңғы 25 жылда Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып, тәжірибе алмасу жолға қойылғанын, сондай-ақ кең ауқымды мәселелер жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілгенін айтты.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін Қазақстан алдағы уақытта да бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.
Сонымен қатар, тараптар күн тәртібіндегі маңызды жайларды, соның ішінде өңірлік қауіпсіздік, конфессияаралық қақтығысты шешу мәселелерін талқылады.
"Өзіңізге мәлім, жақында Астанада Сириядағы қақтығыстар жөнінде кезекті келіссөз өтті. Бұл кездесуге Сирия оппозициясының барлық өкілі қатысқанын айтып өткен жөн", – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Самер Әл-Сабхан президентке екіжақты ынтымақтастық мәселесін талқылауға мүмкіндік туғызғаны үшін алғыс айтып, Сауд Арабиясы Королінің сәлемін жеткізді.
"Біз Қазақстанға ислам әлеміне қатысты мәселелерді шешуге қосқан үлесі, соның ішінде Сириядағы қантөгісті тоқтатуға деген ұмтылысы үшін ризашылық білдіреміз. Сауд Арабиясы Корольдігі Сириядағы қақтығыстар саяси реттеу арқылы шешілуге тиіс деп санайды. Біз бұл мәселені тек бейбіт жолмен шешу жөніндегі Сіздің ұстанымыңызды қолдаймыз", – деді Самер Әл-Сабхан.
Сондай-ақ, кездесуге президенттің көмекшісі Нұрлан Онжанов, Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов және Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Захир бен Мутиш Әл-Энази қатысты.