Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Әңгімелесу барысында Эмомали Рахмон Тәжікстан халқы Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Қазақстан-Тәжікстан стратегиялық серіктестігін ілгерілетудегі тарихи рөлін жоғары бағалайтынын айтты. Нұрсұлтан Назарбаевқа зор денсаулық және алдағы қызметіне табыс тіледі.
Ильхам Әлиев Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының президенті өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдауына орай шынайы қимастық ниетін білдірді.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Нұрсұлтан Назарбаевтың достық пен сенімге негізделген бауырлас елдердің стратегиялық қарым-қатынастарын дамыту ісіндегі тарихи рөлін жоғары бағалады.
Тараптар алдағы уақытта тұрақты байланыстарын жалғастыра беруге уағдаласты.