Нұрсұлтан Назарбаев Төмен байытылған уран банкін ашты

697

Нұрсұлтан Назарбаев Төмен байытылған уран банкін ашты

Бүгін елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан аумағында құрылған Халықаралық төмен байытылған уран банкін ресми ашты. Салтанатты шара барысында Қазақстан президенті МАГАТЭ-нің бас директоры Юкия Аманоға банктің символдық кілтін табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2011 жылғы 29 шілдеде Қазақстан өз аумағында төмен байытылған уран банкін орналастыру ниеті туралы ресми өтінімді халықаралық агенттікке жіберді. Өтінімде қарастыру үшін екі алаң ұсынылды, яғни Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты және бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағындағы №5 алаңы қамтылды. 2011 жылы 29 тамыздан 2 қыркүйек аралығында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің техникалық миссиясы қосылған алаңдарды қарып, Үлбі металлургиялық зауытын таңдады. Бұл 65 жылдық тарихы бар кәсіпорын, оның 45 жылдан астам мерзімінде осындай материалмен жұмыс істеу тәжірибесі бар.

2015 жылдың 27 сәуірінде Қазақстан үкіметі өз қаулысымен елімізде МАГАТЭ-нің төмен байытылған уранбанкін "Үлбі металлургиялық зауыты" АҚ-ында орналастыру туралы келісімге қол қоюды мақұлдаған болатын. Сол жылдың 27 тамызында келісімге Қазақстан тарапынан Ерлан Ыыдырсов пен МАГАТЭ-нің бас директоры Юкия Амано қол қойған еді. МАГАТЭ төмен байытылған уран банкі жобасын жүзеге асыру үшін Ядролық қауіп-қатерге қарсы бастамадан 50 млн доллар, АҚШ үкіметінен 49 млн доллар, Еуропа одағынан 25 млн еуро (физикалық қауіпсіздік жүйесін жаңартуға 5 млн еуроны қоса алғанда), Біріккен Араб әмірліктерінен 10 млн доллар, Кувейттен 10 млн доллар, Норвегиядан 5 млн доллар, Қазақстаннан қосымша заттай жарналар, МАГАТЭ Төмен байытылған уран банкін ұстау шығындарын қоса алғанда 400 мың доллар жарна алған еді. Өткен жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан республикасының үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы Қазақстан республикасында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан республикасының заңына қол қойды. Үлбі металлургиялық зауыты қоймасында МАГАТЭ-нің 90 тонна төмен байытылған ураны сақталанатын болады. Қазақстан ірі уран өндіруші және жоғары байытылған уранды төмен байытылған уран формасына қайта өңдеу мүмкіндіктеріне ие бола отырып, бейбіт ядролық энергетиканы дамытуға өз үлесін қосуға ниетті.    

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу