Ақордада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті, деп хабарлайды baq.kz.
"Түрікменстанды, жалпы түрікмен халқын біз өзіміз үшін ең жақын көрші, әріптес және бауырлас халық деп санаймын. Тәуелсіздіктің 25 жылында өзара қарым-қатынасымыз әрдайым жоғары деңгейде болды. Елдеріміздің арасында ешқандай шешілмеген мәселе болған жоқ. Біз қалай қарым-қатынасымызды орнаттық, бүгінгі күнге дейін ол сондай деңгейде қалып отыр. Көрші елмен сыртқы саясатта ынтымақтастық орнатып, Түрікменстан бастамаларын халықаралық деңгейде қолдаймыз. Көрші ел де біздің бастамаларды қолдап жүреді", – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Түрікменстанмен бірлескен ірі жобалардың бірі – Қазақстаннан Түрікменстан мен Иран арқылы өтетін теміржол – Жібек жолы бағдары екенін айтты. Мемлекет басшысы бұл жайлы 15 мамыр күні Бейжіңде өтетін "Бір белдеу – бір жол" форумында егжей-тегжейлі айтылатынын жеткізді.