Нұрсұлтан Назарбаев түркістандықтармен кездесті

842

Орталық алаңда өткен мәдени шараға қатысқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қаланың алдағы уақытта көркейіп, дами беретінін атап өтті.  

Нұрсұлтан Назарбаев түркістандықтармен кездесті

Түркістан қаласына жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қала жұртшылығымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 "Түркістанды орталық ету тәуелсіздік алған бірінші күннен бастап есте болған. Мұны менен бұрынғы өмірден өтіп кеткен басшы ағаларымыз да есінде ұстаған. Өткен ғасырдың өзінде Түркістан Республикасын құрамыз деп, Түркістан бюросы деп осы жерде көп шаруа атқарылған. Ал, енді терең тарихқа үңілетін болсақ, бұл - қасиетті өңір, киелі жер. Жиырма бір ханымыз жерленген, сұлтандарымыз бен әулиелер мәңгілік тыныштық тапқан өте киелі орын. Тәуелсіздік алғаннан кейін, әрине, мен көне шаһарға ерекше назар аудардым. Тіпті астананы таңдаған кезде де біраз ойландым. Бірақ оған жағдай болмады, өздеріңіз білесіздер. Міне, енді, уақыты келді. Түркістан қаласын облыс орталығы етіп, қайтадан жандандырып, елімізге осы киелі орданы қайтару мүмкіншілігі қолымызға тиді. Бұл қаланың бүкіл Түркі дүниесінің орталығы екені бәрімізге белгілі. Оңтүстіктегі ағайындар мен Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан қуанып жатыр. Олар да атсалысып, бізге көмектеседі деп сенемін", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы сондай-ақ, Түркістан шаһарының алдағы уақытта ірі мегаполиске айналатынына сенім білдірді.

"Осыдан бірнеше жыл бұрын Түркістанның 1500 жылдығын атап өтеміз деп біраз шаруаны атқарған едік. Сонда осы алаңда кездесіп, сөйлескенбіз. Сол кезде Түркістан орталық болады деп айтқанмын. Мінекей, былтыр мен Түркістан облыс орталығы болады деген Жарлыққа қол қойдым. Елімізде Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент – бір миллион тұрғыны бар қалалар қатарында. Болашақта осындай үлкен қалаларда экономика, мәдениет – барлығы өсіп-өркендей береді. Біз де сол жолмен жүреміз. Алдағы уақытта миллион тұрғыны бар қалалар саны тағы артады", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу