Нұрсұлтан Назарбаев жаңа мәртебеге ие болды

1460

Елбасыға жаңа мәртебе беру туралы ұсынысты Владимир Путин жасаған.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа мәртебеге ие болды

Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы атанды. Оған мұндай мәртебе беруді Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин ұсынған.

"Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына қосқан зор үлесі үшін Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы мәртебесін беруді ұсынды. Қазақстан Республикасының Президенті ретінде осындай ұсыныс жасаған Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге және осы бастаманы қолдаған барлық әріптестеріме ризашылығымды білдіремін", – деді Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетейік, биыл Еуразиялық экономикалық одаққа Армения Республикасы төрағалық етеді. Бұған дейін бұл міндетті Ресей Федерациясы атқарған болатын. 

Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің – Армения, Белорусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің президенттері қатысуда. Сонымен қатар отырысқа бақылаушы мемлекет ретінде Молдова президенті, сондай-ақ құрметті қонақ ретінде Тәжікстан президенті шақырылды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу