Қазақстанға ресми сапармен келген Зимбабве Республикасының президенті Эммерсон Мнангагваны салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін кеңейтілген құрамдағы келіссөз өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынастарды тереңдетудің маңыздылығын атап өтіп, ықпалдастықты одан әрі дамытудың негізгі бағыттарына арнайы тоқталды.
"Біз сыртқы саясатымызда, соның ішінде Африка бағытында кең ауқымды сауда қарым-қатынастарын дамытуға және халықаралық бастамаларды өзара қолдауға ұмтыламыз", – деді Қазақстан президенті.
Зимбабве Республикасының президенті Қазақстанға ресми сапармен келуге мүмкіндік туғызып, Зимбабве делегациясына қонақжайлылық көрсеткені үшін мемлекет басшысына алғыс айтты.
Кездесу барысында тараптар ауыл шаруашылығы мен тау-кен өнеркәсібі салалары бойынша екі жақты ынтымақтастық орнату, сондай-ақ Зимбабвенің көлік-логистика желісін жаңғырту және қайта өңдеу ісінде бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.