Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен "Nur Otan" партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтті

738

Қазақстанның Тұңғыш Президенті мерейтойлық съезде сөйлеген сөзінде "Nur Otan" партиясы еліміздегі ең басты саяси күш екенін атап өтті. Партия Төрағасы еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы негізгі жетістіктеріне тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен "Nur Otan" партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтті Фото: elbasy.kz

– 30 жыл ішінде Қазақстан айтарлықтай әлеуметтік және экономикалық жетістіктерге жетті. Бұған, ең алдымен, нарықтық экономикаға көшудің және елді жаңғыртуға бағытталған түбегейлі реформаларды жүзеге асырудың нәтижесінде қол жеткіздік. Нарықтық реформалар, индустрияландыру және шетелден келген инвестиция өнімділікті арттыруға қозғаушы күш болды. Сондай-ақ, экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қоғамның әлеуметтік бөлінісін азайтуға мүмкіндік берді, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында этникалық әртүрлілікті артықшылыққа айналдырып, өзінің ұлттық бірегей стандартын қалыптастырғанын атап өтті. Осы үдерістегі негізгі рөл, Елбасы атап өткендей, Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелген.

– Экономикалық өсім жоғары болған кезеңде құрылған Ұлттық қор қаржы саласындағы "қауіпсіздік қалқанымызға" айналды. Біз 1400 жаңа аурухана мен емхана, 1800 мектеп және 900 балабақша салу арқылы әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарттық. "Қазақстан – 2050" стратегиясы аясында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің стандарттарын басшылыққа алып отыр, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Елбасы "Nur Otan" партиясының пандемия кезіндегі жұмысына, сондай-ақ партияны қайта жаңғырту үдерісіне тоқталды. 

– Біздің партия – басқару ісінде тәжірибесі мол және барлық өңірде кадрлық әлеуеті зор ең ірі саяси күш. Құрамының сапасы бойынша "Nur Otan" бүкіл Қазақстан қоғамының кескінін көрсетеді. Сондықтан біз алдағы уақытта да мемлекетіміздің және барша жұртымыздың әл-ауқатын арттыру үшін еңбек етуге ниеттіміз, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев партияның әрдайым негізгі үш қағиданы басшылыққа алғанын және алдағы уақытта да соны ұстанатындығын атап өтті. Бұл – жауапкершілік, жұдырықтай жұмылу, ортақ мұрат-мақсаттарға адалдық.

– Бүгін жарияланып отырған "Nur Otan" партиясының бағдарламасы – қаржылық, адами және басқа да ресурстармен қамтамасыз етілген және жан-жақты таразыланған өршіл мақсаттар мен міндеттер. Бағдарлама – қолға алған реформаларымыздың заңды жалғасы. Мен Тәуелсіздік жылдары әрдайым нақты мақсаттар белгіледім. Соларға жету үшін түрлі қиындықты жеңіп, аянбай тер төгу керек деп айтып келемін, – деді "Nur Otan" партиясының Төрағасы.

Елбасы партияның реформа жүргізу тәжірибесі мол және барлық жоспарларды жүзеге асыруға саяси ерік-жігері жеткілікті екенін баса айтты.

– Партияның жаңа бағдарламасы орындалады. Бұл құжат елді одан әрі жаңғыртуға және барлық қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсартуға жол ашады. Сайлау науқанын ойдағыдай өткізу үшін партия республикалық және аймақтық штабтардың жұмысын үйлесімді ұйымдастыру қажет. Кандидаттар, белсенділер, сенімді өкілдер барлық аймақтарды аралап, әр сайлаушыға жетуі керек, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі болуға партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің кандидатурасын ұсынды.   

Сөз соңында партия Төрағасы елдің тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтап, халықты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айналасына топтастыру және мемлекетімізді одан әрі өркендету үшін еңбек ете беретінін айтты.

Съезд қорытындысы бойынша "Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!" атты партияның сайлауалды бағдарламасы қабылданды. Сонымен қатар Парламент Мәжілісіне сайлауға қатысу үшін партияның 126 мүшесінен тұратын партиялық тізім бекітілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу