Нұрсұлтан Шоқанов Қазақстан Халық партиясының төрағасы болып сайланды

410

Астанада Қазақстан Халық партиясының кезектен тыс съезі өтті. 

Нұрсұлтан Шоқанов Қазақстан Халық партиясының төрағасы болып сайланды Фото: ҚХП

Делегаттар партияның жаңа төрағасы етіп Нұрсұлтан Шоқановты сайлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Партияның бұрынғы төрағасы Ермұхамет Ертісбаев съезге қатысушылар алдында сөз сөйлеп, соңғы үш жылдағы жұмысты қорытындылады. Оның айтуынша, Халық партиясы құрғақ уәдемен уақыт өткізбей, азаматтардың нақты мәселелерін шешумен айналысатын саяси күш ретінде өз позициясын нығайтты.

Дауыс беру қорытындысы бойынша делегаттар Нұрсұлтан Шоқановты Қазақстан Халық партиясының төрағасы етіп сайлады.

Жаңа төрағаны таныстырған Ермұхамет Ертісбаев Нұрсұлтан Шоқановтың партия мүшелеріне жақсы таныс екенін, оның аймақтық құрылымдарды басқарудан бастап, партияның негізгі ұйымдастырушылық жобаларын іске асыруға дейінгі барлық негізгі сатыларынан өткенін айтты. Ол Шоқановтың ұйымның ішкі жұмысын жете білетінін, заманауи басқару тәжірибесіне ие екенін және әріптестері арасында беделі зор екенін ерекше атап өтті.

Нұрсұлтан Шоқанов 1986 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын (КИМЭП) "Қаржы" мамандығы бойынша тәмамдаған, кейіннен Швейцариядағы IMD бизнес-мектебінде Executive MBA дәрежесін алған.

Еңбек жолын "Ernst & Young" халықаралық аудиторлық компаниясында бастаған. Одан кейін "Сандриллинг" мұнай сервистік компаниясында басқарушылық лауазымдарды атқарып, корпоративтік қаржы, әкімшілік басқару, компанияларды біріктіру және қосып алу (M&A) жобаларына, сондай-ақ дағдарысқа қарсы басқару жұмыстарына жауапты болды.

2009 жылдан бастап кәсіпкерлікпен айналысады. Қоғамдық тамақтану, тағам жеткізу, ритейл, ақпараттық технологиялар, өндіріс және дистрибуция салаларында жұмыс істейтін "OMIR Group" компаниялар тобының директорлар кеңесін басқарады. Бүгінде топқа қарасты кәсіпорындар Қазақстанның 6 қаласында және 4 шет мемлекетте қызмет көрсетеді.

2021 жылдан бастап Қазақстан Халық партиясынан Алматы қалалық мәслихатының VII және VIII шақырылымдарының депутаты болып сайланып, құрылыс, сәулет, қалалық инфрақұрылым, урбанистика және жер қатынастары мәселелері жөніндегі бейінді комиссияларды басқарды.

2022 жылдың желтоқсан айынан бастап Қазақстан Халық партиясының Алматы қалалық, кейіннен Алматы облыстық филиалдарына жетекшілік етті.

2023 жылы Алматы қаласының "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасын басқарды, кейіннен "Атамекен" Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқармасының мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары болып сайланды.

Нұрсұлтан Шоқанов сонымен қатар – Қазақстан Республикасы Альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының президенті.

Партияның жаңа төрағасы "Құрмет" орденімен, "Ерен еңбегі үшін" және "Заңғар" медальдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметтің және Алматы қаласы мәслихатының Алғыс хаттарымен марапатталған.

Қазақстан Халық партиясы жаңа төрағаның сайлануы ұйым дамуының сабақтастыққа, институционалдық тұрақтылыққа және саяси қызметтегі заманауи тәсілдерге негізделген жаңа кезеңін бастайтынын атап өтеді. Партия қоғаммен диалогты жүйелі түрде нығайтуды, өз құзыреттерін дамытуды және мемлекеттің стратегиялық бағытын іске асыруға сындарлы үлес қосуды жалғастыра береді.

Съезд барысында делегаттар Қазақстан Халық партиясы Жарғысының жаңартылған нұсқасын және партияның жаңа брендтік стилін бекітті. Бұл өзгерістер ішкі жұмыстың тиімділігін арттыруға, партиялық тәртіпті күшейтуге және ҚХП-ның заманауи бейнесін қалыптастыруға бағытталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу