Нысана көздеуден Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері тағайындалды

1241

Нысана көздеуден Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері тағайындалды

Тәжірибелі спортшы әрі бапкер, төрт бірдей Олимпиада ойындарының қатысушысы Ольга Довгун нысана көздеуден Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалды, деп хабарлайды Olympic.kz. 

Федерацияның кезекті отырысында Азия ойындары мен әлем чемпионатындағы көрсеткіштер талданып, басшылық бас бапкерді ауыстыру туралы шешім қабылдады. 

Нысана көздеуден ұлттық құраманың бас бапкері болып Ольга Довгун тағайындалды. Ол жаңа қызметіне 2019 жылдың қаңтарынан бастап кіріседі. 

"Шынымды айтсам, бұл жаңалықты қуана қабылдадым. Дегенмен, аздаған қорқыныш та жоқ емес. Өйткені, келесі жылы лицензиялық турнирлер басталады. Олимпиадаға да аз уақыт қалды. Сол себепті, қобалжығаным да рас. Спорттық мансабымды аяқтаған соң өзім көп нәрсені тәжірибеден өткіздім. Енді сол ойларым мен мақсаттарымды ұлттық құрама игілігі үшін пайдалансам деген тілегім бар. Үлкен спорттан кетсем де, көп жағдай назарымда болды.

Мәселен, бір жыл бойы әйелдер командасының аға бапкері қызметін атқардым. Осы аралықта ұлттық құрамадағы келешегінен үміт күттіретін жастарды да байқап үлгердім. Оларды лицензиялық турнирлерге қосуға әлі ерте. Бірақ болашақта жастардан жақсы мерген шығарына сенімдімін", - дейді Ольга Довгун. 

Ольга Довгун нысана көздеу спортында 34 жылдық тәжірибесі бар маман. Ол Сидней, Афины, Бейжің және Лондон Олимпиадаларының қатысушысы. 

2004 жылы Афины Олимпиадасында қолаға қол созым жерден тоқтап, төртінші орын иеленген. 

Екі дүркін әлем чемпионы. 2002 және 2006 жылдары әлем чемпионаттарында топ жарған. 

1998-2014 жылдар аралығындағы Азия ойындарына қатысып, екі мәрте чемпион атанса, үш рет күміс жүлде тағынған. 

ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, халықаралық дәрежедегі КСРО спорт шебері.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу