Нью-Йорк соты Храпуновтарға тағы да айыппұл салды

568

Әділет министрлігі "Flatotel" ісі туралы жаңа ақпарат таратты.

Нью-Йорк соты Храпуновтарға тағы да айыппұл салды Фото: inform.kz

3 қыркүйек күні Нью-Йорктің оңтүстік округ бойынша АҚШ Округтік соты Храпуновтар ісіне қатысты кезекті қаулы шығарған. Әділет министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, Ілияс пен Виктор Храпунов сот өндірісінің тәртібін бұзғаны үшін тағы да айыппұл арқалауы мүмкін.

"Судья Кэтрин Паркер Храпуновтар көптеген заңды міндеттемелерді бұзған, дәлелдемелерді әдейі жойған және кейбір дәлелдемелердің қолдарында жоқтығы туралы жалған жауап берген деген қорытындыға келді. Сондай-ақ сот Храпуновтардың осы іс бойынша кейбір сот қаулыларын, соның ішінде Ілияс Храпуновтың құпия айғақтарды рұқсатсыз таратуға салынған тыйымды бұзғандығын анықтады", - деп жазылған ресми мәліметте. 

Ведомствоның баспасөз қызметі Нью-Йорк сотының бұл шешімі  Храпуновтар мен Әблязовқа бұған дейін тағайындалған айыппұлдардың жалғасы деп атады. Ал айыппұл көлемі Қазақстан тарабының сот ісіне жұмсаған шығыны айқындалған кезде белгілі болмақ.

"Бұл қатарынан санағанда бесінші шешім болып табылады. Айыппұлдың нақты мөлшері талапкерлердің өздері жұмсаған сот шығындарының сомасын сотқа ұсынғаннан кейін белгіленеді", - деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.

Осы "Flatotel" ісі бойынша Қазақстан Үкіметінің консультанты  болып жүрген Мэттью Шварц Әблязов пен Храпуновтардың сот ісіне қажет кейбір құжаттарды жойды деген ақпаратты растай отырып, бұл олардың кінәсін дәлелдеуге кедергі болмайды деп сендірген көрінеді. Министрлік таратқан ақпаратта "Boies Schiller Flexner LLP" серіктесі Мэттью Шварцтың пікірі деп дәйексөз ретінде келтірілген.

"Талапкерлер ұсынылып жатқан дәлелдемелерге соттың жіті қарауын жоғары бағалайды. Әблязов, Храпуновтар және олардың сыбайластары сот процесінде адал ниетпен қатысудан бірнеше рет бас тартып, көптеген сот қаулыларын бұзған. Дәлелдемелердің бір бөлігін қасақана жойғандықтарына қарамастан, олардың жасалған қылмыстарға қатыстылығын растайтын құжаттардың көлемі жеткілікті. Талапкерлер сол дәлелдемелерді Нью-Йорк алқабилер сотының назарына ұсыну мүмкіндігін асыға күтуде",  - деп жазылған дәйексөзде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу