Қазақстан елшісі Қанат Тумыш Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Сирил Рамапозаға сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Қанат Тумыш ОАР басшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемі және жылы лебіздерін жеткізіп, әсіресе осы елдің бұл айдағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сәтті төрағалық етуіне байланысты, мемлекетаралық ынтымақтастықты байланыстардың барлық спектрі бойынша нығайтуға бағытталған қазақстан-оңтүстік африкалық саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық қатынастардың жоғары деңгейін атап өтті.
ОАР басшысы экономикалық мәселелерге тоқталып, туристік сапарларды екіжақты қолдауға және өзара инвестицияларды ілгерілетуге шақырды.
"Осы орайда, келесі айда, 5- 7 қараша кезеңінде, біз екінші Оңтүстік африкалық инвестициялар конференциясын өткіземіз. Еліңіздің инвесторларын осы іс-шараға қатысуға және ОАР мүмкіндіктерінің әлеуетін өз көзімен көруге шақырамыз",– деді ол.