Облыс әкімі Қарашөкеевті таң қалдырған аудан

557

Жамбыл облысына небәрі 3 күн бұрын ғана әкім болған Ербол Қарашөкеев Тараздағы атышулы 15-ші мөлтекауданның ахуалын көріп аң-таң.

Облыс әкімі Қарашөкеевті таң қалдырған аудан Фото: Ашық дереккөзден

150 үйі бар шағын ауданда 6 жылдан бері бірде-бір әлеуметтік нысан салынбаған. Есесіне жекеменшік мектеп те, балабақша да бар. Жол мен жарығы, үй сапасы сыннан көз ашпайтын ауданға барған әкім тіпті шаһар басшысына осында көшіңіз деп кеңес берді. Жаңа әкімнің жағасын ұстатқан тағы не?

Даудың басы Қарашөкеевтің алғашқы жұмыс күні-ақ басталған. Бір топ тұрғын 15 мөлтекауданның бар жырын жырлауға әкімге келген-ді. Алайда сағаттап тосқан тұрғындардың кенет төзімі таусылып, әкімі есігін қағуға дейін барады.

Жұмыс үстелін енді жайғастырған әкім артынан қарашаны қабылдап, ауданға жедел аттанды. Сөйтіп протоколдан тыс танысу  шағын аудандағы біраз былықтың бетін жайып салды.

"Ұлы Дала" делінген аудан әкімнен әкімге өткен эстафеталы мәселе. 6 жылда жоспары жүз құбылды. Жолы жоқ, жарығы жиі сөнеді. Бірақ 40 мың ел қоныс тепкен. Жылу жүйесінің қуаттылығы да тым төмен. Жаңа ауданда 5 шақырым жылу жүйесін жаңалау қажет. Ең қызығы пәтер иелерінің кооперативі деген түсінік мұнда атымен жоқ. Әкімге есеп берген шенеунік мәселені енді шешпек.

"15 мөлтекаудан проблемасы бұл жерде управляющий компания жоқ, КСК жоқ! Оны қаламен бірге құдай қаласа, күзде шешеміз деп жатырмыз", - дейді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов.

360 га аумаққа жайылған ауданда әлеуметтік нысан жоқ. Мемлекеттік мектеп болмаған соң, жұрт жекеге беруге мәжбүр. Салынып жатқан қос мектепті бұқара  биыл оқу жылында береді деп санапты. Мемлекет теңгеріміндегі білім ұясы енді тек жыл соңына таман берілмек.

Ауданды абаттандыру да ақсап тұр. Бірде-бір дарақ егілмеген. Құрылыс қалдықтары әр жерде бір шашылған. Ал аулалардың жәй-күйін көрген Қарашөкеев тіптен қайран.

"Мен тұрып жатқан үйдің қасында балалар алаңының түрін көрсеттім. Басқасы туралы не айтамыз? Мына алаңның түрі... Құм да жоқ!" - дейді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев.

Мұқым ел мұнда байланыстың жиі бұғатталуына да наразы. Бұған себеп жақын жердегі жабық мекеме. Жарты күн аудан аралаған Қарашөкеев қала әкіміне осында көшіп келуге кеңес берді.

Алып ауданға 3 бағытта ғана автобус жүреді. Жұрт кемі көлікті жарты сағат тосады. Негізі 14 бағыт бойынша қоғамдық көлік қатынауы тиіс.

"Автобустар жыл соңына дейін 50 автобустың келуіне күтіп отырмыз. Қосымша график қосамыз. Жүру  аралығы 30 минут болса, 10-12 минутқа дейін қысқартамыз", - дейді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.

Аула абаттандыру, жол салу мұнда 2025 жылға жоспарланған. Ауданның қақ ортасынан 10 га жерге алып саябақ салынбақ. Айта кетейік, 15-ші мөлтек ауданда әзірге үй енді салынбайды. Жоспардағы 16 үй өзге аумаққа түспек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу