Халық табысын арттыруға бағытталған бағдарламаның орындалу барысын тексеру үшін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Жамбыл облысына барды. Жұмыс сапары аталған бағдарлама бойынша Байзақ ауданында құрылған "Қостөбе-2019" ауыл шаруашылығы кооперативін аралаудан басталды.
Жамбыл облысының тәжірибесін зерттеуге еліміздің барлық облыс әкімдерінің орынбасарлары келді.
Пилоттық жобаға Байзақ ауданынан Қостөбе ауылдық округінің тұрғындары қатысты (1,6 млрд теңге бөлінді). 178 тұрғыннан құралған кооперативте 12 агротехника сатып алынды. Оның базасындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің жалпы ауданы 401,0 га құрайды, пилоттық жобаның екінші бағыты (мал шаруашылығын дамыту) аясында кооператив құрамына кіретін "Алмас" ЖК 7 бас жылқы, "Айдын" ЖК 9 бас ірі қара мал сатып алды.
Өз сөзінде өңір басшысы Нұржан Нұржігітов жобаны жүзеге асырудың арқасында Қостөбе ауылдық округіндегі бір отбасының табысы 4 есеге артқанын атап өтті. Сонымен қатар мал басының саны да 53,8% өскен. Барлығы 256 тұрғын жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 123 жаңа жұмыс орны ашылды. АӘК алушылар саны 86% азайды. Тұрғындардың 97% жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытып жатыр. Сондай-ақ кооперативтерді құрумен арнайы техниканың, жұмыс қолдарының және жерді өңдеуге, егін жинауға арналған құралдардың жетіспеушілігі мәселесі кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.
Ералы Тоғжанов ауыл шаруашылығы техникаларының жай-күйімен танысып, облыс шаруаларымен өзекті мәселелерді талқылады, жергілікті атқарушы органдарға ауыл шаруашылығы кооперативтеріне толық қолдау көрсетуді тапсырды.
Вице-Премьер Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген Бағдарламаны іске асырудың маңызына тоқталып, оның, ең алдымен, халықтың табысын арттыруға, сондай-ақ экономиканы индустрияландыру және әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамытумен ұштасқан нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталғанын атап өтті.
"Басты бағыттардың бірі – импортты алмастыру. Ауылдық кооперативтерде өндірілген АӨК өнімдерімен импортты алмастыру жоспары қажет. Сондай-ақ біз осы жобалардың барлығы тұрғындарға қандай пайда әкелетінін ойлауымыз керек. 2025 жылға дейін ішкі нарықты, қанттан басқасын өз өнімдерімізбен жүз пайыз қамтамасыз ету жоспарда бар", – деді Е. Тоғжанов.
Жұмыс сапары барысында Вице-Премьерге жайылымдық жерлердің тапшылығы мәселесін шешу бойынша атқарылған жұмыстар барысы баяндалды. Қазіргі уақытта бұл – ең өткір мәселелердің бірі. Оны шешу бес бағыт бойынша жүзеге асырылады.