Облыстық денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы алаяқтық үшін сотталды

1194

Ол медициналық құрал-жабдықтарды сатып алу кезінде алаяқтыққа жол берді, қызметін асыра пайдаланды деп айыпталды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы алаяқтық үшін сотталды

Ақтау сотында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Жамал Жаманбаеваға үкім шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы.

"Сот үкімімен Жамал Жаманбаева ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы (лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдалану) бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды", - деп жазылған соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сондай-ақ экс-басшы мемлекеттік қызметте, судья, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте және оның ведомстволарында, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде өмір бойы жұмыс істеу құқығынан айырылды.

"Сот Жамал Жаманбаева Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқара отырып, 2020 жылдың тамызында "Сentropharm" ЖШС -мен COVID-19 вирусының таралуына байланысты бір көзден 222 млн теңгенің 6 жылжымалы рентген аппаратын сатып алу туралы шартқа қол қойғанын, осылайша, лауазымдық міндеті мен шектеуге қарсы әрекет еткенін анықтады", - деп жазылды хабарламада.

Мемлекетке келген шығынның мөлшері – 29,5 млн теңге.

"Сотталушы сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында кінәсін мойындап, шығынның орнын толтырды. Осыған байланысты күдіктімен кінәні мойындау туралы процессуалды келісім жасалды", - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, Жамал Жаманбаева 2021 жылдың ақпанында ұсталған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу