Облыстық қаржы басқармасының басшысы Гүлназ Сисенова "Ақтөбе" клубының сатылымға шығарылуы жайында түсініктеме берді, деп хабарлайды аktobenews.kz.
Басқарма басшысының айтуынша, "Ақтөбе" футбол клубын жекешелендіру мәселесі үкіметтің қойған жоспарына сәйкес жүзеге асырылып жатыр.
"2015 жылдың 30 желтоқсандағы үкіметтің шешімімен 2016-2020 жылға арналған жекешелендірудің кешендік жоспары бектілген болатын. Сол жоспарға сәйкес Ақтөбе облысы бойынша жекешелендіруге 9 нысан енгізілді. Соның біреуі — "Ақтөбе" футбол клубы", — деді басқарма басшысы Гүлназ Сисенова.
Сондай-ақ, оның сөзінше, облыс әкіміне қатысты әлеуметтік желіде тарап жатқан мәлімет шындыққа жанаспайды.
"Облыс әкімінің тарапынан осындай шаралар қолданылуы керек. Сатылымға шығару — сол кісінің шешімі" деген ақпарат жалған. Бұл үкіметтің жекешелендіру жоспарына сәйкес жүзеге асырылып жатыр", — деді Гүлназ Сисенова.
Оның айтуынша, тендердің нәтижесі 9 қазанда белгілі болады.
"Ақтөбе" футбол клубының бастапқы құны 100 миллион теңге тұрады. 7 жылға дейін сенімгерлік басқаруға беріледі. Ереже талаптарына сай сатып алғысы келген азамат 15 пайыздық жарна төлеуге тиіс, яғни 15 миллион теңге төлеуі керек", — деді Гүлназ Сисенова.
Облыстық спорт басқармысының басшысы Мейрамбек Махамбетовтың сөзінше, 2018 жылға "Ақтөбе" ешкімнің алдында қарыз емес. Дегенмен, 2014-2016 жылғы қарыздарға байланысты әлі де сот процестері жүріп жатыр.
"Жалақы жағынан ешкімге қарыз емеспіз. Тек үстемақы жағынан дау-дамай туындап отыр. Қазіргі таңда спортшылармен және Қазақстан футбол федерациясымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта бұл мәселені шешетін боламыз", — деді Мейрамбек Махамбетов.