Ақтөбе қалалық сотында облыстық полиция департаменті бастығының экс-орынбасары Алтай Аңшыбаевқа үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті бастығының экс-орынбасары Алтай Аңшыбаев 2018 жылдың мамыр айында ұсталып, қамалды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, оған қатысты Қылмыстық кодекстің "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" бабы бойынша іс қозғалған. Бүгін Ақтөбе қалалық сотында үкім оқылды.
"Алтай Аңшыбаев Қылмыстық кодекстің "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" бабы бойынша айыпты деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтесін", – деді судья Гүлнар Тлепова.
Сонымен қатар, сотталушы Ақтөбе облыстық полиция департаментіне 5,5 миллион теңге шығынды өтеуге тиіс. Экс-орынбасар полиция полковнигі шенінен де айырылды.
Айта кетейік, сот отырысына облыстық полиция департаментінің қызметкерлері қатысты.