Атырауда балабақшаға сау күйінде кеткен бүлдіршін үйіне бір саусақсыз оралды. Зардап шеккен 4 жасар қыздың ата-анасы білім ордасы сенімді ақтамады деп ашулы. Ал жыл сайын мемлекеттен тапсырыс алып отырған ұйым өкілдері не дейді? Ойын баласының ем домына қажет шығынды көтере ме?
Әсияның бұл балабақшаға барып жүргеніне екі жыл болған. Ата-анасының сөзінше, бұған дейін мектепке дейінгі ұйым жұмысына сын болмапты. Кеше болған оқыс жағдай оларды әбден есеңгіретіп тастаған. Қалай екені белгісіз, балабақшаға сап сау кеткен ойын баласы үйіне бір саусақсыз оралыпты.
"Ол қандай зат болуы мүмкін баланың саусағын жұлып алатындай, сүйегімен етімен бірге. Тырнағы деп айтып жатыр дейді бәрі, бірақ тырнағы емес, саусағының басы, бір буыны толық жоқ. Өзім қолыма ұстадым ғой", - деп ашынады әке Ержан Тәженов.
Болған жағдайды анықтамақ болып, балабақшаға бардық. Бірақ ондағылар, директор демалыста деген сылтаумен журналистерді ішке кіргізбеді. Бірақ кінәмізді мойындаймыз деп отыр. Емге қажет шығынды да өтеп бермек.
"Емінің бәріне көмектесеміз, мойнымызға аламыз. Біз ешқандай қашып отырған жоқпыз. Болған жәйдің өзімізден екенін біліп отырмыз. Жауапкершілікті сезініп отырмыз. Көмектесеміз. Қазір мен ешкімді ішке кіргізе алмаймын", - деді балабақша әдіскері Жанаргүл Сұлтанғалиева.
"Нартайлақ" балабақшасында бас-аяғы 127 бүлдіршін бар. Оларға 8 тәрбиеші бас-көз болады. Жекеменшік болғанымен, ұйым 2015 жылдан бері үкіметтен тапсырыс алып келеді. Биылдың өзінде қазынадан 53 млн теңге қаржы бөлініпті. Зардап шеккен қыздың ата-анасы баламызды сеніп тапсырған білім ордасы қауіпсіздігін күшейтсін дейді. Тиісті көмекті көрсетпесе, сотқа да арызданбақ. Полиция департаменті іске қатысты қылмыстық кодекстің 141-бабына сәйкес тергеуді бастады.