Ойын-сауық орталығына арналған жер меншікке сатылып кеткен

502

Тұрғындар, бастапқыда айтылған сауда ойын-сауық орталығының салынатынына күмәнмен қарайды.

Ойын-сауық орталығына арналған жер меншікке сатылып кеткен Фото: Pixabay.com

Павлодар қаласында 42 соттық жер төңірегінде дау туындады. Сауда ойын-сауық орталығы салынуы тиіс аумақты әлдекім меншіктеп алған. Жаңа қожайын ол жерге элиталық үйлер тұрғызбақшы. Оған қарсы болған халық, бұл істің артында билік басындағылардың тұрғанын айтады. Ал, жергілікті әкімдік болса, жер телімін кім сатып алғаны туралы ақпарат беруден бас тартып отыр.

Павлодар қаласының Усолка шағын ауданындағы 42 соттық жер 2015 жылы жекеменшікке бес жылға жалға берілген. Оны алған адам сауда ойын-сауық орталығын салуы тиіс болатын. Алайда, содан бері жерге ешбір қада қағылмады. Онда қыста сырғанақ орнатылып, түрлі мерекелік шаралар өткізілетін. Енді тұрғындар сол жерге зар болып қалды. 

"Осы жерді балаларымыздан алып қойып оған тұрғын үй салған дұрыс емес. Өйткені, осы жерде қыстың күні балаларға бізде мұз айдыны болады. Көктемде неше түрлі жақсы ойындар өткізіледі. Сондықтан да балаларымыздың аузынан жырып осыны алып қойған дұрыс болмайды",-деп пікір білдірді қала тұрғыны Бағлангүл Кәрімова.

Биыл бұл аумақты әлдекім қоршап алған. Әне-міне құрылыс жұмыстарын бастамақ. Тұрғындар, бастапқыда айтылған сауда ойын-сауық орталығының салынатынына күмәнмен қарайды. Айтуларынша, көп қабатты элиталы тұрғын үйлер тұрғызылмақ екен. Оны әкімдіктегілер де растап отыр.

"Ол жерге қазір егжей-тегжейлі жоспарлау бойынша ол жерге көп қабатты, 6-7 көпқабатты тұрғын үй салуға қарастырылып жатыр",-дейді қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы Нариман Қайырленов.

Даулы жерді 2015 жылы бес жылға жалға алған адам оны  пайдаланбай екі жылдан кейін өзге біреуге сатып жібереді. Тағы үш жыл бос жатты. 2020 - 2021 жылдары жер учаскесінің мерзімі екі рет бір бір жылдан ұзартылды. Ал, өткен жылдың қазан айында жер телімін пайдалану уақыты тағы екі жылға ұзартылып, мақсаты да өзгертілген. Тұрғындар мұндай қитұрқының артында билік басындағылар тұрғанына сенімді.

"Осы жерді облыстың басшының үлкеннің біреуі алып отыр. Өйткені, осы күнге дейін бізге айтпайды кім алғанын, білмейміз кім алғанын. Бұл жер өте қымбат мына жер. Менің өз қара есебіммен 1 млн доллар тұрады. Бұдан көк тиын өкіметке түспейді",- деді қала тұрғыны Темірғали Әлжанов.

"Кімге сатқанын білмейміз айтпайды. Бұл бір әскери құпия болды ғой. Ақшаның ұшы шығар мен қайдан білейін ел жұрттың ашуына жетті ғой. Енді біз Президент деп айтамыз Президент кінәлі емес қой, мына жердегі шенеуніктер кінәлі. Олар Президентке қарсы тұр деп ойлаймын",- деп ойын бөлісті қала тұрғыны Ерқанат Асқаров.

Әкімдік жердің жаңа иесінің кім екенін бізге де айтпады және сәулетшінің пікірінен өзге сұқбат беруден бас тартты. Ал, тұрғындар 42 соттық жерге балаларға арналған ойын алаңын салуды талап етуде. Қазірдің өзінде 22 көпқабатты тұрғын үй бой көтерген Усолка мөлтек ауданында балалардың демалысына жағдай жасалмаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу