"Ойыншықпен ұрған": Павлодарда балабақша тәрбиешісінің балаларды ұрып-соққан сәті видеоға түсіп қалған

236

Қазіргі уақытта мұғалім жұмыстан босатылды.

"Ойыншықпен ұрған": Павлодарда балабақша тәрбиешісінің балаларды ұрып-соққан сәті видеоға түсіп қалған Фото: Бейнежазбадан

Соңғы кездері балабақшалардағы бассыздық тиылмай тұр. Павлодарда балабақша тәрбиешісі балаларға дөрекілік танытып, бірін желкелесе, енді бірін ойыншықпен басынан ұрған. "Балаларымызға жақсы қарап жатыр" деп сеніп жүрген ата-аналар мына жағдайдан кейін бірден дабыл қақты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Балаларның балабақшаға баруға қарсылық танытқанын сезген ата-аналар аталған орталық басшының міндетін атқарушысынан видео камереларды тексеріп көруді сұраған. Бүлдіршіндерге қол көтерген әлгі тәрбиешінің дөрекі қылығы бейнежазбада сақталып қалған.

Балалардың ата-аналарының айтуынша, видеода мұғалімнің балаларға дөрекі қарым-қатынас жасағаны, бір қызды себепсіз арқасынан итеріп жібергені, бір баланы желкесінен итеріп, тағы бір баланың басынан ойыншықпен ұрғанын көруге болады. Сонымен қатар, әйелдің балаларға ұрсып жатқаны анық байқалады.

"1 шілдеде Павлодар қаласындағы балабақшаның ортаңғы тобының ата-аналары бейнебақылау камераларын қарауды өтініп, басшының міндетін атқарушыға жүгінді. 2024 жылғы 26-27 маусымдағы күндізгі жазбаларды қарау кезінде мұғалімнің дөрекі қарым-қатынас фактісі тіркелді. Қазіргі уақытта мұғалім жұмыстан босатылды", – деді Павлодар қалалық білім бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдралин.

Сондай-ақ, білім бөлімі бұл оқиға туралы ата-аналардың шағымынан кейін ғана білгенін қосты.

"Балабақша директоры демалыста. Білім бөліміне дер кезінде хабар бермегені үшін барлық материалдар құқық қорғау органдарына беріледі", – деді Қыдралин.

Еске салсақ, бұған дейін Павлодардағы балабақшада психоневрологиялық есепте тұрған әйел жұмыс істеген болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу