ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлері мен Бас прокуратура Ақтау гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде болған қайғылы оқиғаға қатысты ресми түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты ресми пікір білдірді.
"17 ақпанда Маңғыстау облысына қарасты Бейнеу полигонында жоспарлы далалық атыс жаттығуларын өткізу кезінде Құрлық әскерлері "Батыс" өнірлік қолбасшылығының мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қаруды пайдалану барысында оқ жарақатын алып, оқиға орнында көз жұмды. Осы факті бойынша Батыс өңірінің әскери-тергеу органдары қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде", – деп хабарлады Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі.
Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша оқиға орнына Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев бастаған комиссия жіберілген. ҚР Қарулы Күштерінің қолбасшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық қажетті көмек көрсетілетінін хабарлады.
Бұдан бөлек істің тергелу барысы Бас прокуратура тарапынан бақылауға алынғаны белгілі болды.
"2026 жылғы 17 ақпанда Ақтау гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметшінің қайтыс болу фактісі бойынша әскери-тергеу органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Оқиға орнына Қорғаныс министрінің орынбасары, Бас әскери прокурор, Ішкі істер министрлігінің Әскери-тергеу департаментінің бастығы барды. Қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде, сараптамалар тағайындалды", – делінген хабарламада.
Іс бойынша процессуалдық прокурор айқындалды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етуге жатпайды.