Оңтүстік Қазақстан облысында Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған "Наурыз – думан" апталығы басталды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
21 наурызға дейін жалғасатын мерекелік шара бүгін Шымкент қаласындағы Қошқар ата өзенінің жағасында "Наурыз пати" іс-шарасымен басталды. ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйытқы болған шарада өңірдегі этномәдени бірлестіктер дастархан жайып, ұлттық тағамдар қойып, Наурыз мерекесінің символикалық дәміне айналған наурыз көжені көпшілікке таратты.
Елді бірлікке, татулыққа шақыратын, халықтың ырыс-берекесін молайтатын мерекеде түрлі этнос өкілдері жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында арнайы концерттік бағдарлама ұсынды. Мерекелік шараға қатысқан облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов мереке маңызына тоқталып, өңір тұрғындарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
Жаңару символына айналған Наурыз мейрамы жыл санап облысымызда жаңаша леппен тойланып келеді. Биыл ұлысымыздың ұйытқысы болған Оңтүстікте ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптеу, насихаттау мақсатында басталған "Наурыз" апталығы жергілікті қолөнершілердің қолынан шыққан кәдесыйлардың жәрмеңкесі, тазалық акциясы, ұлттық өнімдер жәрмеңкесі, қайырымдылық шаралары секілді тағылымды шаралармен жалғасады.