Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық саласына қажетті күрделі және озық үлгідегі техника мен құрал шығаруда белсенділік танытып келеді. Республиканы арзан бағадағы медициналық бұйыммен қамтамасыз етіп отырған "Kazmedpribor Holding" ЖШС-ның жұмысымен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы танысып, онда шығарылып жатқан өнімге жоғары бағасын берді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы кәсіпорынның өндірістік бөлігін аралап көріп, дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдық өндірісі барысымен танысты.
Айта кетейік, бұл кәсіпорын 2005 жылы "Бизнестiң жол картасы – 2020" мемлекеттiк бағдарламасы аясында ашылған болатын. Бүгінде өндiрiс орны рентген аппараты мен медициналық жабдық шығарып, дәрілік өнім өндірумен айналысады. Халықаралық стандартқа сәйкестiк сертификатын алған зауыт бүгінде еліміздегі ауруханалар мен емханаларды УДЗ аппаратынан бастап операция бөліміне қажетті құрал-жабдыққа дейін қамтып отыр. Соңғы үлгідегі инновациялық жобаларды іске асыруда кәсіпорын Жапония, Испания, Корея сынды алпауыт мемлекеттердің зауыттарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Бүгінде мұнда 150-ге жуық адам еңбек етеді.
"Кәсіпорынның жұмысы жүйелі. Өнімдері де сұранысқа ие. Мұнда жасалатын қондырғы озық шетелдік құрылғылардан кем түспейді. Мемлекет қолдау көрсетіп отырған кәсіпорын жедел жәрдем көлігін бастан аяқ жабдықтап, қажетті құралмен қамтамасыз етуге қауқарлы. Қаншама отбасыны жұмыспен қамтып, табысын еселеп отыр. Ең бастысы – кәсіпорын басшылығында ізденіс пен ұмтылыс бар", – дейді Жансейіт Қансейітұлы.
Бүгінгі күні "ҚазМедПрибор" мекемесінде медициналық құрал-жабдықтың 400-ден аса түрі шығарылады. Жалпы зауыт жылына 60 мың дана медицина техникасын шығаруға қауқарлы. Сондай-ақ мұнда жедел жәрдем көлігіне қажетті құралдан бөлек, электрокардиограф, медициналық монитор жасалады. Әрi сапалы, әрi бағасы көңiлге қонымды кәсiпорынның өнiмiне деген сұраныс жыл санап артып келеді. Бүгінде зауыт өнімдеріне Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркіменстан сынды көршілес елдерден сұраныс түсе бастаған.