8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласында тұратын 108 жастағы Батыр Ана Назым Мамбетәлі әжейдің шаңырағына арнайы барды. Қазыналы қартты мейраммен құттықтап, ыстық лебізін білдірген аймақ басшысы қарияға сыйлығын табыстады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Екі ғасырдың куәсі болған, зұлмат жылдары аянбай тер төккен Назым әжей шаңырағына арнайы құттықтай келген облыс әкіміне алғысын білдіріп, ақ батасын берді. Жастық шағын еске алып, ағынан жарылды. Әсіресе Оңтүстік өңірінің көркейіп жатқанына қуанды.
Қаламыздағы ең қарт ана Отырар ауданы, Шәуілдір елді мекенінде 1909 жылдың 1 қаңтарында шаруалар отбасында дүниеге келген. Саналы ғұмырының бірнеше жылы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген кейуана соғысқа дейін көп жылдар бойы жұмысшы болып еңбек етіп, сол жерден зейнеткерлікке шыққан-тыл ардагері.
Тоғыз ұл-қыз тәрбиелеп өсірген Батыр ана бүгінгі таңда немере баласының үйінде тұрады. Отбасы мүшелері жеке кәсіппен айналысады. Бүгінде 25 немере, 15 шөбере сүйіп отырған кейуананың ойы анық, денсаулығы бірқалыпты.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының 1,5 милионға жуығын нәзік жандылар құрайды. Ал өңірімізде 100 жастан асқан 88 қария өмір сүріп жатыр. Ұзақ жасаушы егде азаматтардың басым бөлігі Шымкентте, Мақтаарал мен Сараығаш аудандарында тұрады. 100 жастан аса өмір сүріп жатқан қарттардың ішінде 70-ге жуығы тыл еңбеккерлері.
Облыс бойынша жыл көлемінде ұзақ жасаушы қарияларға бюджет және мекемелер, демеушілер есебінен мүмкіндігіне қарай бір жолғы материалдық жәрдем мен сый-сияпаттар беріліп келеді.
Мәселен, өткен 2016 жылы 77 қарияға 636,7 мың теңгенің материалдық қолдауы көрсетіліп, оның ішінде, жергілікті бюджет есебінен 86,9 мың теңге және демеушілер есебінен 549,8 мың теңгеге сыйлықтар үлестірілді.